– Адвокаттарға, әсіресе, мемлекеттің тарапынан берілетін тегін адвокаттарға қатысты сын көп айтылады. Сот процесі барысында сіздерге, яғни, судьяларға адвокаттардың белсенділігі бес саусақтай белгілі болып отырады десек, қателеспейтін шығармыз. Олай болса, тегін қызмет көрсететін адвокаттардың білім-білігіне, азаматтың құқығын қорғаудағы табандылығына қатысты айтылып жүрген сын дәлелді ме? – Ақылы адвокаттардың біліктілігіне, оның беделіне арқа сүйеп, азаматтар оларға жүгініп жататын болса, оған ешқандай қарсылық жоқ. Өйткені, бұл ешқандай да заңға қайшы келмейді. Әр азаматтың өз құқығын, мүддесін сотта болмаса алдын ала тергеу барысында қорғауына мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, кез келген адамның адвокат жалдауға жағдайлары жете бермейді. Солай бола тұра, мұндай азаматтардың да құқықтары бұзылмауы керек қой? Осындай жағдайларда мемлекеттен еңбекақысын алатын азаматтар Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сай, соттың немесе тергеушілердің қаулыларымен тағайындалады. Ал, сіздің сұрағыңызға қатысты, тегін адвокаттар мен ақылы адвокаттардың азаматтарды қорғауында айырмашылық бар ма дегенге келсек. Ақылы адвокат пен сот немесе тергеуші арқылы тағайындалған адвокаттардың белсенділіктерін жер мен көктей деп айта алмаймын. Ақысын алып, келісімшартқа отырған адвокат өзінің белсенділігін ерекше көрсетуі мүмкін. Сол сияқты, тергеуші немесе соттың қаулысымен тағайындалып отырған адвокат та өзінің міндетін дұрыс орындауы тиіс, өзінің біліктілігін көрсетуі қажет. Егер де ол қорғауындағы азаматтың құқығын жоғары деңгейде қорғай алмаса, сол азаматтың тағдырына нұқсан келеді. Сондықтан, мәселе адам тағдырына қатысты болғандықтан, адвокаттар өз жұмыстарын белсенді түрде атқаруы керек. Ал, өкінішке қарай, сот барысы кезінде байқайтынымыздай, олардың белсенділігі бәсеңдеу түсіп жататыны рас.
– Өз сөзіңізде «беделді адвокаттарға жүгінеді» деп айтып қалдыңыз. Сол беделді көтеру олардың өздеріне байланысты емес пе? – Қандай қызметтегі адам болсын, біз адвокаттар туралы айтып отырғандықтан, біріншіден, олар кәсіби білімдерін өздері көтерулері керек. Кейбір жағдайларда адвокаттың соттың шешімімен келіспей, соңынан апелляциялық шағым түсіргенде заңдарға, баптарға сілтеме жасап, кейде соттар қолданбай кеткен не болмаса жіберіп алған олқылықтарын көрсетіп беретін мықты қорғаушылар болады. Өзіңіз байқап қарасаңыз, күн сайын көптеген заңдарға өзгерістер еңгізіліп жатыр. Адвокат деген жан-жақты білікті болуы қажет. Сотқа қатысып, жалпылама шешенсіп, қорғауындағы азаматқа «көмектестім» деп қана емес, ен бастысы, сол қорғауындағы азаматтың адам баласы екенін, оның тағдыры, келешегі, өзінің қорғап алып шығуына байланысты екенін ұмытпауы тиіс.
Иә, адамды айыптау оп-оңай да, оны ақтау қиын екенін жақсы түсінеміз. Егер сотталушының кінәсі жоқ болса, соны нақты деректермен дәлелдеу қорғаушының қолындағы шара. Ол егер де заңды дұрыс білмесе, қызметіне немқұрайдылықпен қараса, жеткілікті тұрғыда өзінің айтып отырған сөзін жеткізе алмаса, онда мұндай адвокатты қорғаушы деп айтуға бола ма? Жалпы, белсенділік танытпай, жайбарақат отырып, «сотқа қатысқан» деген ғана ат қалдыратын қорғаушыларға соттың тарапынан ескертпе жасалады. Жалпы, адвокаттардың белсенділігі туралы әңгіме қозғалғандықтан, менің айтарым, олардың арасында бәсекелестік принципі болуы тиіс. Бедел, мәртебе қайдан шығады? Ол өзінің қызметін дұрыс атқарғанда ғана бедел жинайды. Ол үшін іздену, білімін толықтырып отыруы қажет. Тағы бір айтарым, қоғамда, интернет бетінде бүгінгі таңда айтылып жүрген мәселе, адвокаттардың тізімін сайттарда көрсетсе. Яғни, адвокаттардың қанша іс бойынша процеске қатысып, содан ұтып шыққаны туралы рейтинг жасалса. Соны қарапайым халық білсе, сөйтіп, ертеңгі күні соған жүгінсе… Былай қарасаңыз, бұл мәселенің тиімділігімен қатар екінші жағы да бар. Олай дейтінім, Ата Заңымыздың талабына сай, әр азаматтың құқығы бірдей, оның атына, өміріне нұқсан келтірмеу керек.
– Бұл күнде саясаткерлердің де, қоғам қайраткерлерінің де рейтингісі көрсетіліп жүр ғой. Мұның, бір жағынан, азаматтардың адвокаттарды дұрыс таңдауына да септігі тиетін еді. Жалпы, ювеналды адвокатура ювеналды сотпен бір мезетте құрылып, жұмыс жасап келеді. Осы тұста олардың мамандануы қалай? Сіздерге, яғни, сотқа ілесе алып отыр ма? – Кәмелетке толмағандарға байланысты мамандандыру дегенде, әрине, бұл жерде ересектермен салыстырғанда іс ерекше жүргізілуі қажет. Біз осы тәжірибені бүгінгі таңда жүргізіп келеміз. Жасөспірім күдікті ретінде ұсталғанда адвокаттар қатыстырылып, олар баланың жан-дүниесін аша білуі керек. Өйткені, үлкен азаматтарға қарағанда, жасөспірімдердің психикасы өзгеше ғой. Жаңа дамып келе жатқан психика, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан балаға зардап тигізіп алмау жағына баса мән беруді ойлағанымыз жөн. Психолог-педагогтардың қатысуымен, бала, тіпті, қасақана іс-әрекет жасап қойғанның өзінде, кейін сол іс-әрекетке өкінішін білдіретіндей ықпал жасауымыз тиіс. Ол қалыптасып, ертеңгі күні қоғамнан оқшауланбай, дұрыс тәрбиеленіп, адам қатарына қосылып кете ала ма? Біздің міндетіміз - соған ықпал жасау. Кейде балалардың ата-анасымен де ара-қатынасы дұрыс болмай жатады. Баланы оқшауламау үшін ол алдымен отбасына келуі керек. Отбасында ата-анасымен қарым-қатынасы дұрыс емес баланың ертеңгі күні қалай болмақ? Бұл ертеңгі күні тағы да бір қылмыстың қайталануына соқтыруы ғажап емес. Осы тұрғыдан алып қарағанда, мамандандырылған адвокаттардың да жұмысы осындай бағытта болуы керек деп ойлаймын. Қылмыс жасалып, тергеудің бірінші бастап адвокат баланы қорғауына алды ма, ол жасөспірімнің сол қылмыстық іс-әрекетті жасауына не себеп болғанын айқындай білуі керек. Бұл кезде баланың қасында соттың болмайтыны белгілі. Мұның бәрі де алдын ала тергеу барысында жасалады. Сондықтан, алдын ала тергеу кезінде жіберілген қандай да бір қателіктер болса, баланың мүддесі, құқығы бұзылмауы жолында адвокаттар соған көңіл бөлгені абзал. Біз, әрине, адвокаттың бір ғана ұстанымы - қорғау екенін білеміз. Бірақ, қорғаудың ішінде де мамандандыру болса, ол дұрыс болар еді. Менің ойымша, заңға қайшы іс-әрекет жасаған ересек әйелдердің, сол сияқты ер-азаматтардың да бөлек, маманданған адвокаттары болуы қажет. Бұл күнде, өзіңіз айтып кеткендей, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғайтын заң кеңесі құрылып, олар жұмыстарын атқарып жатыр. Десек те, олар ізденісті жалғастыра бергені жөн.
– Әңгімеңізге рақмет.Сұхбаттасқан
Айман Құлпатшаева