– Қанатты сөздерді жаттап айтып жүру әдетіңізде бар ма? – Иә, ұлылардан қалған қағидалар жаныма жақын. Тіпті көңіліме ой салғандарын жазып алып, жұмыс үстеліме қоямын. Мысалы, мына қағаздарды алайық. Қандай істі қарасам да осыларды көзімнің қиығымен шалып отырамын. Леонардо да Винчи «Жамандықты жазаламаған адам оның жасалуына жәрдемдеседі» дейді. Қателеспейтін адам жоқ. Кәмелетке толмағандар ісін қарау барысында байқағаным, жас балалар қылмысты байқаусызда немесе балалықпен жасайды. Олардын кейбірі тіпті «қылмыс жасадым-ау» деп ойламайды да. Леонардо қылмысты дер кезінде тый десе, Махатма Ганди «Жазалауға қарағанда, кешіру - ерлік, дәрменсіз кешіре алмайды, кешіру - күштінің қасиеті» дейді. Екеуінің пікірі бір-біріне қарама-қайшы. Бір кешірім алған жанның тағы да сол әрекетін қайталамасына кім кепіл? Бірақ, біздің ділімізге кешіру тән. Сондықтан, өз басым кешірімшіл болған жөн деп ойлаймын. Егер кінәлілер өз кінәсін мойындап, өкінсе, бұрын сотты болмаса, емделуді қажет етпесе неге біраз жеңілдік жасамасқа. Осындай жандардың қоғамға қайта оралуына көмек көрсеткен дұрыс шығар.
–
Он жылдық тәжірибеңізде есіңізде қалған іс бар ма? – Сұрағыңыз бір жағынан қызық, бір жағынан қиын. Әр іс адам тағдырына тікелей қатысты болғандықтан, оның жауапкершілігі де оңай емес. Мысал ретінде айту да қиын деп ойлаймын.
– Сіз үшін бақыт дегеніміз не? – Бақыт менің түсінігімше, адам баласының өз еңбегінің жемісін көруі. Содан рухани ләззат алу, сонымен бірге не ерте, не кеш емес уақытымен келген дүниені бақыт деп санаймын.
– Бірінші орынға отбасын қоясыз ба, әлде жұмысты ма? – Отбасы міндетті түрде бірінші орынға шығады. «Отан отбасынан басталады» деген сөз тегін айтылмаған ғой. Алдыңа қойған мақсатың арқылы ерінбей еңбектеніп, өмір жолында із қалдыруға бар ынта жігеріңді жұмсау да адамдық міндетің.
– Әр мамандықтың өзіне тән қасиеті болады ғой, судьяларға ортақ қасиет қандай? – Ақ пен қараны ажырату біздің мамандығымыздың негізгі қасиеті. Әр істі жүрегіңмен зерделеп, дұрыс заңды шешім қабылдау басты парызымыз.
– Осы жасқа келгенше неге көзіңіз жетті? – Адам баласының қай жаста да білгенінен білмегені көп болады деп ойлаймын. Сол үшін үнемі іздену керек. Тәжірибемізді арттыру үшін әлі де талай тер төгуге тура келеді. Жылдан-жылға адам санасы да толығады. Көзімнің бір жеткені, сынға дұрыс көзбен қарап, онымен санаса білген жөн. Сынды көтерген адам өзіне дұрыс баға бере алады. Сондай-ақ, қандай да жамандықты тек адалдық, кешірімділік, рақымшылықпен женуге болатыны да дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.
– Пір тұтатын адамыңыз бар ма? – Ата-анамның тәрбиесі мен үшін өмірлік азық. Ол кісілерді әрқашан да пір тұтамын. Қандай да бір қиыншылықта солардың ақыл-кеңесін еске түсіремін. Бата- менен өскен баламыз, үлкендердің сөзі әрқашан да жадымызда.
– Қандай музыка тыңдайсыз? – Халқымыздың дәстүрлі әндері мен Шәмші атамыздың әндерін тыңдаудан еш жалықпаймын.
– Сіз шығарған шешім, қаулылардың өзгертіліп не бұзылған кезі болды ма? – Иншалла, осы күнге дейін, бұзылған шешім болған жоқ, бірақ жалпы судьялық тәжірибемде кейбір шешімдерде өзгертулер болды.
– Дінге көзқарасыңыз. – Иманым өзімде. Аллам аузымда.
– Сот залында неге аса мән бересіз? – Сотқа жүгінген тараптардың шешімге бірдей ырза болуына, бітімге келуіне бар күш-жігерімді жұмсаймын. Олардың сот залынан бір-біріне наразы болып шықпауларына аса мән беремін. Тәжірибемде бітімгершілікке келіп, бір-бірімен қол алысып шыққан жағдайлар болды.