ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ СУДЬЯЛАРЫНЫҢ VIII СЪЕЗІНДЕГІ КӘРІБЖАНОВ БІРЖАН ОТАНТАЙҰЛЫНЫҢ ТЕЗИСІ.

Астана қаласы. 23 қазан, 2020 жыл.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Жақып Қажыманұлы!

Қадірлі съезге қатысушылар!


Регламент қысқа. Екі мәселе.
Бірінші, апелляцияның жауапкершілігі.
Осы жылдың 9 айында кассацияда 15 мың іс қаралды. Бәрі күрделі. Апелляцияда – 37 мың.
Апелляцияда әр судья екі күнде 1 істің шешімін шығарады. Ал Жоғарғы Соттың судьясы 3 іске нүкте қояды. Яғни оның жүктемесі 3 есе көп.
Негізінде, барлық істер әрі кетсе апелляцияда аяқталуы тиіс. Өкінішке орай, іс жүзінде олай емес.
Мойындауымыз керек, апелляцияға қоғамның сенімі әлі де аз. Жоғарғы Соттан әділдік іздейтіндер көп.
Дамыған юрисдикциялар секілді біз нақты істерді қарайтын кассациядан құқық мүддесін көздейтін кассацияға біртіндеп көшуіміз қажет. Сонда ғана Жоғарғы Соттың судьялары нормативтік қаулыларды әзірлеуге, бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға баса мән берер еді.
Екінші мәселе – сот жүйесін қаржыландыру.
Иә, қазіргі ахуал қиын. Оны бәріміз де түсінеміз. Алайда, соттың абыройы, ол ең алдымен – мемлекеттің абыройы.
Соттар – халық көп жиналатын орын. Жасыратыны жоқ, ғимараттарымыз ескі.
2018 жылға дейін 10 шақты жыл ремонт пен премияға 1 тиын да бөлінген жоқ.
Бар қаржыны төбесінен суы сорғалайтын шатыр мен қисайған қабырғаларды жөндеуге жұмсадық. Тіпті кеңсе қағазы мен принтердің бояуын да өз ақшамызға сатып алатынбыз. Үнемделген қаражатты IT-жобаларға салдық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз Жолдауда сот саласына мықты заңгерлер керектігін айтып өттіңіз. Алайда, олар біздің салаға келгісі келмейді. Неге? Себебі, жауапкершілік көп, жалақысы мен соцпакеті мардымсыз. Осы себепті судьялық вакансия 10 %-ды құрайды. Әсіресе, төрағалық лауазымға қызығушылық аз.
Еліміздің сот жүйесіне бөлінген қаржы бюджет шығысының 0,46% ғана құрайды. Қырғызстан, Ресей, Украина, Молдова соттарының бюджеттегі үлесі 1%-дан көп.
Эстония, Литва, Латвия, Ресей, Украина, Әзербайжан, Грузия мен Армениядағы аудандық судьялардың жалақысы 1 мыңнан 4 мың еуроға дейін болса, біздікі – 700-ден 1 мың еуроға дейін.
Бізде судьялық мансап 30 жастан басталады. Жиырма жыл істеп, 50 жаста отставкаға шығуға қақысы бар. Бірақ 63-ке толмайынша, пенсия ала алмайды. Пенсияны 13 жыл тосу керек. Ал құқық қорғау қызметкері отставкаға шыққан күннен бастап зейнетақы алады.
Медициналық көмек алуымыз да ақсап тұр. Мұны пандемия кезінде қатты сезіндік. Әркім өз бетінше емделді. Таныс-тамыр жағалап кеттік. Әкімшілік ресурсты да қостық. Өкінішке орай, бірқатар әріптестерімізден айрылып қалдық.
Елімізде 2684 судья мен 6500 сот қызметкері бар. Бұл халықтың 0,1 %-нан да аз.
Қазір судьялар тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік емханаларға тіркеле алады. Жедел жәрдем мен шұғыл стационарлық көмек жалпыға ортақ негізде көрсетіледі. Сондықтан судьяларға медициналық көмек көрсетудің жаңа механизмдерін енгізу қажет. Мәселен, әрбір құқық қорғау органының өз госпиталы бар. Бізде де осындай мүмкіндік болса дейміз.
Судьялардың психо-эмоционалдық жүктемесі ауыр. Сол себепті күйзеліске жиі түседі. Денсаулықты қалпына келтіру үшін саноториялық-курорттық ем алу қарастырылса, дұрыс болар еді.
Ақша аспаннан түспейді. Қаржы табудың тәсілі көп. Соның 2 жолын мысалға келтірсем:
Біріншісі – соттарды біріктіру.
Мәселен, елордамыздың 4 ауданында (Сарыарқа, Алматы, Есіл, Байқоңыр) азаматтық және қылмыстық істерді қарайтын 8 сот бар. Осыларды біріктіріп, 2 сотты ғана қалдыруға болады. Нәтижесінде, көлік, кеңсе, күзет, қызметкерлер штаты мен коммуналдық шығындар бірнеше есе үнемделеді.
Бір қалада бірнеше сот ашу – ескірген шешім. Бұрын географиялық алшақтық проблема болатын. Қазір – цифрландыру заманы. Процеске үйде отырып-ақ, онлайн режимде қатысуға болады.
Қаржы табудың екінші жолы – мемлекеттік баж мөлшерін арттыру.
Елімізде жүздеген мың адам «ұсақ-түйек» үшін соттасып жүр. Себебі – мемлекеттік баж төмен. Оның мөлшері 25 жыл бұрын, сонау 90-шы жылдары бекітілген. Ол кезде халықтың күн көрісі мен құқықтық сауаты төмен болатын. Сондай-ақ, бізде мемлекеттік баждың ең төменгі мөлшері бекітілмеген. Коммуналдық қарыздар бойынша ол – 5, 10, 20 теңге болуы мүмкін.
Барлық сот істерінің 84% бойынша мемлекеттік баж 5 мың теңгеге де жетпейді. Бұл жағдай заңгерлерге тиімді. Олар үшін ел-жұрттың соттасқаны жақсы, қыруар пайда табады.
Тіпті, мүлдем дау жоқ болса да, соттасу әдетке айналған. Бұл – құқықты асыра пайдалану. Мұнымен барлық елдер күресуде.
Баждың төмендігінен медиация банкротқа ұшырауда. Ақысы 10 мың теңгені құрайтын медиаторға барғанша, 800 теңге баж төлеп, соттасқан артық емес пе?
Баж төмен болғандықтан, бәрі сотқа жүгіреді, ешкім ымыраға келмейді, қоғамда даукестік азаймай отыр.
Дамыған елдерде 20 доллар үшін де соттасады. Бірақ бажы біздегідей 20 цент емес, 220 доллар. Бұл баждың ең төменгі мөлшері. Сондықтан осы мәселелерді съезд қаулысына енгізуді сұраймын.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біздің мақсатымыз біреу. Ол – қоғамның сотқа деген сенімін арттыру. Барлық жаңашылдықтар да осыған бағытталған.
Апелляция судьяларының атынан талап-тілегімізді тыңдағаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін!
МАҚАЛАЛАР МЕН СҰХБАТТАР
Бұл бөлімде Біржан Кәрібжановтың әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақала, сұхбат, сараптамаларымен танысуға болады.
Made on
Tilda