«БАЛА ТАҒДЫРЫН ЗАҢ ТЕЗІНЕ САЛЫП ШЕШУГЕ БОЛМАЙДЫ»


ЗАҢ газеті

№15 (3140), 26 ақпан, 2019 жыл.

– 2007 жылы Астана және Алматы қаласында алғаш рет кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылғаны есімізде. Жасөспірімдер ісін қарауға маманданған сот дегенде бірінші не есіңізге түседі?
– 2007 жылдың 30 желтоқсанында Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Алматы қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына судьялыққа тағайындалып, жаңа қызметке 2008 жылдын 8 қаңтарынан бастап кірістім. Осылайша, өз алдына бөлек отау тіккен жаңа соттың алғашқы жылдардағы қиындығы мен қызығын көру біздің еншімізге тиді. Басқаша айтқанда, алғаш Алматы мен Астана каласында ғана ашылған аталған соттың іргетасын калыптастыру, оның тарихында алғашкы судья ретінде калу бақыты да бізге бұйырды.
Аталған соттар ресми түрде 2007 жылы кұрылып, Алматы қаласындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ауданаралық соттың тұңғыш төрағасы кызметіне сот саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Зиядинхан Әбдібайұлы тағайындалды. Ол кісіден кейін аталған сотқа мен келдім. Көп ұзамай қатарымыз Сәкен Сағиев, Гүлнар Қонақбаева, Арман Жүкенов және Ернар Қасымбеков сынды жас судьялармен толықты. Сөйтіп, сот өзінің толыққанды жұмысын 2008 жылдың тамыз айынан бастады. Сот қызметінің алғашқы кезеңінде тәжірибе барысында бірқатар қиындыққа тап болдык. Осы ретте заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындап, біз осы жағына көбірек көңіл бөлдік. Атап айтқанда, кәмелеттік жасқа толмағандардың істерін сотта қарау бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Азаматтық, Әкімшілік процестік кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осыдан кейін ғана біз нақты іске кірістік.
Ең басында бізге қиындық туғызған мәселе ол кәмелетке толмағандардың соттылығына байланысты істер болды.Ол кезде Алматыға қарасты алты аудан бар еді. Біз мамандандырылған ауданаралық сот болғандықтан, басқа аудандық соттар кәмелетке толмағандармен байланысты істердің барлығын бізге жібере бастады. Іс өндіріске түскеннен кейін оны карап, зерделеуге біраз уақыт шығындауға тура келді. Аяғында әлгі істердің кейбіреуі қарауымызға жатпайтыны, аудандық соттардың оны бізге қателесіп жібергені аныкталатын кездер жиі болды. Енді оны кері қайтарайық десек, қолданыстағы зандарда ондай тетік қарастырылмаған, істі қарауға құзыретіміз тағы жоқ. Сондықтан, Алматы қалалық сотына ұсыныс жасап, тәжірибеде кездескен қиындықтарды шешудің жолдарын бірге іздедік. Уақыт өте келе бәрі реттеліп, қалыпты жұмыс жасай бастадық.
– Жаңадан құрылған соттың атауы айтып тұрғандай, бұл сотта балалардың тағдыры таразыланады. Олай болса, сот құрамын жасақтауда қандай да бір талап болды ма?
Нақты мынадай талаптар қойылды деп айта алмаймын. Дегенмен де, бұл сотка өмірлік тәжірибесі мол, отбасылы, сот жүйесінде ұзақ жылдар қызмет еткен Зиядинхан Әбдібайұлы сынды азаматтың төраға болып тағайындалуы кездейсоқ шешім болмағаны анық. Менің де өмірде азды-көпті жиған тәжірибем бар, 1994 жылдан бастап сот саласында еңбек еттім, қысқасы осы қызметке лайық деп танылғандардың бірі болдым. Ал, жана тағайындалған судьяларға келсек, олар өте білімді, үш тілді еркін меңгерген Жоғарғы Сот жанындағы Сот академиясын үздік бітірген, жалындап тұрған жастар еді. Біз бір-бірімізді толықтырып жаңа құрылған соттың жұмысын дөңгелетіп алып кеттік деп толык сеніммен айта аламын.
Бастапқы қиындықтарға қарамастан, бәріне үлгердік. БАҚ-пен тығыз байланыс орнатып, Алматы қаласындағы әкімдіктерден бастап, білім, денсаулык сақтау басқармасы, полиция, прокуратура, жасөспірімдерге арналған түзеу мекемесі, қорғаншылық және қамқоршылық ұйымдары, қала берді мектептермен жұмыла жұмыс істеуді жолға қойдық. Түрлі тақырыпта дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырып, мектептерді аралап, жоғары сынып оқушыларымен, ата-аналармен, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан жеткіншектермен де кездесіп тұратынбыз. Мұндай шараларды ұйымдастыруда жас судьяларымыз көп енбек сіңірді. Өз басым, Алматы каласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алғашқы жылдары қызмет еткен сот құрамының еңбегін жоғары бағалаймын. «Жас келсе іске» демекші, сол кезде жас судьялардың катарында болған әріптестерім бүгінде биіктерден көрініп жүр. Мысалы, Ернар Қасымбеков бірнеше жыл Алматы облысы Текелі қалалық сотының төрағасы кызметін абыроймен атқарып, қазір Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына судья болып ауысты. Арман Жүкенов Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының төрағасы. Ол төрағалық етіп отырған сот республикамыздың ен үлгілі соттарының қатарында.
– Иә, сіз айтқан судьялар біздің газетпен де жақсы байланыс орнатқан еді. Ернар Қасымбеков те, Арман Жүкенов те, Гүлнар Қонақбаева да журналистердің кез келген сауалына тосылмай жауап беріп, пікір айтудан қашпайтын.
– Қазір өткенге ой жүгіртсем қиындыктарға қарамастан, бірде-бір үкімі не шешімі бұзылмапты. Бірен-саран өзгерістер енгізілгені болмаса, өрескел қателікке жол берген емеспіз. Бастапқыда сот өндірісіне түскен істердің дені орыс тілінде болды. Заң бойынша іс қай тілде түссе, судья істі сол тілде қарауы тиіс. Бірақ, талап арыздар орыс тілінде түскенімен, сотқа жүгінген тараптар қазақтілді болып, біраз қиындық туғызды. Біз бұл мәселені бірден қолға алып, сотка талап арыз жазудың үлгісін екі тілде қалыптастырып, оны ғимараттың көрнекі жеріне іліп койдық. Сотқа келушілерге өздеріне қолайлы тілді таңдауға болатынын түсіндіріп, жұмыс жасадық. Кейін қазақ тіліндегі істердің үлесі арта бастады. Тағы бір ерекше айтып өтерлік жәйт, Алматы қаласындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың ойдағыдай жүзеге асуына Алматы қалалық соты тарапынан көп колдау көрсетілді. Әсіресе, Алматы қалалық сотының судьясы марқұм Хайруллина Қания Үсенқызы көрсетті. Сол сияқты, қазір енбек демалысындағы Гүлжахан Мәлікқызының да бұл сот іргетасының мықты болуына тигізген еңбегі зор.
– Сот тәжірибесінде тағы қандай қиындықтар кездесті?
– Аталған соттар құрылған соң елімізде кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын қорғаумен байланысты біраз заңдарға өзгерістер мен толықтырулар еңгізілді. Тәжірибе барысында кездескен қиындықтарды ескере отырып, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтық саясатын жүргізудің жаңа үлгісі жасалды. Жалпы, бізде кәмелетке толмағандарға 18 жасқа толмаған азаматтар жатады. Яғни, оңы мен солын танып үлгермеген жеткіншектер шалыс басып, тіпті ауыр қылмыс жасаған күннің өзінде оларға қандай жаза тағайындау керек? Оларды темір торға тоғытып, бас бостандығынан айыру қаншалықты дұрыс немесе бұрыс т.б. маңызды сұрақтардың оң шешімін табу қажет болды. Мысалы, бұрын (аса ауыр қылмыс жасағандарды қоспағанда) ауыр қылмыс жасаған кәмелеттік жасқа толмаған тұлғаларды сотқа дейін тергеп, тексеру кезінде қамауға алып, тергеу абақтысына қамайтын. Ал аталған сот құрылғаннан кейін ауыр қылмыс жасаған кәмелеттік жасға толмағандар қамауға алынбайтын болды. Сот тәжірибесеніде психологтарды жұмылдыру ісі де осы кезден басталды. Біз психологтардың көмегімен баланың әлеуметтік портретін жасап, оның қылмыс жасауына не себеп болды? Ортасы қандай? Жеке басына қатысты мәліметтерді жіті зерттегеннен кейін ғана қылмыстық іске баға бердік. Мұндағы мақсатымыз — өмірі енді ғана басталған жас өскіннің болашағына балта шаппай, өмірден өз орнын табуына көмек-тесу. Жалпы, кәмелеттік жасқа толмағандардың істерін сотта қараудан ең басты қағида – баланың мүддесін бірінші орынға қоюға негізделеді. Мейлі ол қылмыстық іс болсын, азаматтық немесе әкімшілік іс болсын, мұнда басты рөлде бала тағдыры мен оның құқығы тұруы тиіс.
– Алғашқы жылдары сот өндірісіне қандай талап арыздар көбірек түсетін еді?
– Бұл сотқа біреулер бала асырап алғысы келетінін айтып жүгінсе, енді біреулер, керісінше, туған баласынан бас тарту үшін талап арыз түсіреді. Сот тәжірибесінде ата-аналық міндетін дұрыс атқармағандарды ата-аналық құқығынан айыру, ата-анасы ажырасқан балалардың тұрғылықты жерін анықтау немесе бала кімде қалу керек деген сынды мәселелерді шешу де жиі кездесетін істердің санатында. Сол сияқты, тәрбиеге көнбеген балаларды арнайы мектеп-интернаттарға жіберу, т.б кәмелеттік жасқа толмағандармен байланысты сот қарауына жататын кандай іс болсын бірінші орында бала тағдыры таразыланады. Сондыктан, басымдык бала құқығын қалпына келтіру мен оның қорғалуына беріледі.
– Өзіңіз айтып өткендей, оңы мен солын танып үлгермеген балалар тағдыры бейжайлықты көтермейтін, нәзік те күрделі мәселе. Сіз нақ осы кәмелетке толмағандардың тағдыры таразыланатын сотта жеті жылдай төрелік еттіңіз. Көңілге не түйдіңіз?
– Бұл сотта қызмет еткен жылдары мен өзімнің сот саласындағы тәжірибемді шыңдап қана қойған жоқпын, өмірлік көрген-білгенімді молайта түстім. Мұнда судья әр істі өзінің өн бойынан өткізуді, ондағы проблемаларды жүрегімен сезінуді үйренеді. Өйткені, судья да ана немесе әке. Мәселе бала тағдырына келіп тірелгенде оны заң тезіне салып шеше салуға болмайды. Тіпті ол қылмыс жасаған күннің өзінде, оған қандай да бір жаза тағайындамас бұрын баланың өз қателігін түсініп, енді қайтып шалыс баспаса екен деп уайымдап, тағдырына аландайсың. Өз басым, бұл өмірде бала бақытынан маңызды ештеңе жок екенін ұқтым.
– Осы жылдары қаралған істерден есіңізде қалғаны бар ма?
– Расында бұл сотта қызмет еткен жылдары қайнап жатқан өмірдің қазанына түсіп кеткендей болдым. Сот залында қаралған істер әлі күнге дейін жадымда тұр. Әттеген-ай дегізген, жанды түршіктірген, сүйсіндірген де істер болды. Соның бір- екеуін айтып берейін. Бірде отасқандарына он жылдан асқан ерлі-зайыптылар сотқа бала асырап алу туралы өтінішпен келіпті. Осынша жыл бірге тұрса да орталарында бала болмапты. Ажырасып кетейін десе, бірін-бірі қимайды. Бір жағынан екеуінің жанына шаңырактарында баланын былдыры естілмегені батады. Ақыры ақылдаса келе бала асырап алуға бел буады. Сонда әлгі ерлі-зайыптының бір-біріне деген махаббаты, адалдығы мені қатты сүйсіндірген еді.
Осы оқиғаға мүлде кереғар мына бір оқиға есімнен кетпейді. Бала сүю бақыты бұйырмаған тағы бір ерлі-зайыпты балалар үйінен кішкентай баланы асырап алады. Біраз жылдан кейін әйел қайтыс болып кетеді де, әкесі асырап алған баланы туыстарының қолына жібереді. Кейіннен әлгі кісі үйленіп, асырап алған баланы өз қолына алады. Ол кезде бала есейіп қалған екен. Бірақ, өзін асырап алғанын білмейді. Әкесі екінші рет үйленгеннен кейін көп ұзамай ортақ балалары өмірге келеді. Сөйтіп жүргенде әйелі баланың асыранды екенін біліп, оны шеттете бастайды. Аяғында күйеуіне екеуміздің бірімізді танда деген шарт қояды. Сөйтіп, ол сотқа баладан бас тарту туралы талап арыз түсірді. Біз мәселені зерделей келе, арыз иесімен сөйлесіп, баладан бас тартпауға көндірдік. Содан біраз уакыт өткен соң, әлі талап арыз сотқа тағы түсті. Баланың жағдайын ойлап қатты аландадық. Он жастан енді аскан баланың не жазығы бар? Туа сала анасы тастап кеткені аздай, бауырына басқан анасынан айырылып, енді туған әкем деп арқа сүйеп жүрген адам одан қашып, өз қолымен балалар үйіне тапсырмақшы. Мұның кіп-кішкентай балаға қандай соққы болатынын елестеудің өзі ауыр еді. Әлгі азаматпен тағы сөйлесіп, «қолымыздан келгенше көмектесейік, әйеліңізбен сөйлесейік, баладан бас тартпай, оны жақсы бір мектеп-интернатқа орналастырып берейік, бала біраз өсіп, буыны бекігенше оған мұндай соққы жасамаңыз» деп те көрдік. Түсінгендей болып арызын қайтып алды. Бірак, үшінші рет тағы келді. Осыдан кейін талап арызды қанағаттандырудан басқа амалымыз қалмады. Осылайша, әлгі бала балалар үйінің біріне жол тартты. Кейін сол баланы сырттай бақылап, жағдайын сұрастырып жүрдім. Бала қатты өзгеріп кеткен. Өзімен-өзі тұйықталып, ешкімге сенбейтін болған. Әрине, оны түсінуге болады. Оның жүрегі аяусыз жараланды. Ал оған кінәлі кім?
– Расында, өмірде осындай жағдайлардың орын алуына, тастанды балалар мен жауапсыз ата-аналардың көбеюіне не себеп? Жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны да артып, балаларға жәбір көрсетушілер де азаймай тұр. Неге?
– Мен мұның барлығы тәрбиеге байланысты деп есептеймін. Кейде мұндай келеңсіздіктердің астарынан әлеуметтік себептерді іздеп жатамыз. Дейтұрғанмен, тәрбие дұрыс болса, тастанды бала да, жауапсыз ата-ана да, ажырасу да, бұзақы бала да, қылмыскер де болмас еді. Ал, тәрбие бесіктен, отбасынан басталады.
– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Камила Ысқақова

МАҚАЛАЛАР МЕН СҰХБАТТАР
Бұл бөлімде Біржан Кәрібжановтың әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақала, сұхбат, сараптамаларымен танысуға болады.
Made on
Tilda