Біржан КӘРІБЖАНОВ, Алматы қаласы кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі Мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы: – Елбасы судьялардың V съезінде сот жүйесінің алдына қойған міндеттердің бірі ретінде - соттардың беделін көтеру жұмыстарын арттыруды, мемлекеттік тәртіпті нығайтуды қойған еді. Осы тапсырмаларды орындау үшін, Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаровтың бастамасымен қазір Парламент Сенатында Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі заң жобасы қаралуда. Бұл жерде ерекше атап өтерлігі, аталған заң жобасы Үкіметтің бекітілуіне ұсынылмас бұрын төраға Б.Бекназаров еліміздің барлық облыстық және оған теңестірілген соттардың, оның ішінде Алматы қалалық сотының жалпы мәжілістеріне қатысып, жобаны судьялардың талқысына салды. Судьяларға бұл жобаға өз пікірлерін білдіруге толық мүмкіндік берілді. Мұндай үдеріс еліміз сот жүйесінің тарихында сирек кездеседі. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, біздің, басқа да мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін осындай заң осы жолмен алдын ала талқыланса, әрине, ол заңды құжат болып қабылданғаннан кейін өмірге судай сіңіп, өзінің діттеген мақсатына жетеді. Мұны айтып отырған себебім, осының алдында Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне енгізілген өзгерістер бойынша істерді апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібімен қарау мәселелері бойынша сот тәжірибесі болжанбай қабылданып қойған еді. Бұл өзгерістер облыстық соттар мен Жоғарғы Соттың жұмыстарына бірқатар қиыншылықтар әкеліп, халықтың әуре-сарсаңы Елордаға көптеп жетіп жатты. Бұл қалып аудандық және мамандандырылған соттарға да тимей қоймады.
Мәселен, апелляциялық соттың «Қылмыстық немесе азаматтық сот алқасы» деп бөлінбеуі бірізді сот тәжірибесінің қалыптасуына әкелмейді. Түскен істерді әр кезде әрқилы судьялар қарап, судьялардың мамандануы баяулай түсті. Ал, енді жаңа заң жобасы осындай келеңсіздіктерді түбірімен жойып, сот жүйесін ел игілігіне қызмет еткізуге атсалысады деп сенемін. Өйткені, ендігәрі апелляциялық сот қылмыстық істер және азаматтық, әкімшілік істер жөніндегі сот алқалары болып екіге бөлінетін болады. Бұл - судьялар нақты пән бойынша маманданып, істерді қарау сапасы жақсарып, біркелкі сот тәжірибесі қалыптасады деген сөз. Облыстық соттың судьясы маманданған соң, онымен біз - аудандық соттың судьялары тәжірибедегі теориялық мәселелер бойынша ақыл-кеңес алмасып тұрамыз. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, біз облыстық соттың жоспарлы семинар жұмыстарында тәжірибемен неғұрлым көп алмассақ, жұмыста соғұрлым қателер орын алмайды.
Осыдан басқа енгізілейін деп отырған ереже - ол арнайы магистратураны бітірген азаматтар тапсырған біліктілік емтиханы қорытындысының жарамдық мерзімін бес жыл деп белгілеу. Бұл бастама өмір талабынан туындап отыр деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі кезде заң да, тәжірибе де заманмен бірге дамып, күн санап өзгеруде. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, егер арнайы магистратураны бітірген адам бес жыл ішінде судья лауазымына байқауға қатыспаса, онда оның бастапқы мақсаты судья болу емес екенін айқындайды. Бұл жерде осы оқу орнында әр магистрантқа мемлекет тарапынан қыруар қаражат жұмсалатынын ескерсек, магистранттар оқуды бітіргеннен кейін осы қаражатты ақтап, сот жүйесіне қызмет етуі керек. Осы тұрғыда ерекше атап өткім келгені, ол біздің ювеналды сотта жұмыс істеп келе жатқан үш судьянын аталмыш магистратураның түлектері болып табылатыны. Мен олардың үшеуінің де тәжірибелік жетекшісі болып бекітілдім. Бастапқыда оларга «судья жұмысының әліпбиін басынан бастап үйрететін шығармын» десем, қателесіппін. Бұл судьялар өздерін кәсіби біліктілігі жоғары мамандар ретінде көрсетті. Үшеуі де қылмыстық, азаматтық, әкімшілік іс жүргізу бойынша сот төрелігін мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де бірдей сауатты жүргізіп, осы жауапты қызметті бірден алып кете білді. Осыған байланысты арнайы магистратураның сот жүйесіндегі кадрларды қалыптастыруда маңызы орасан зор екенін айтқым келеді.
Әңгімелескен
Айман Сейілбекқызы