– Статистика бойынша, жастар арасында ең көп кездесетін қылмыс түрі қандай? – Кәмелет жасқа толмаған жастардың арасында жиі кездесетін қылмыс түрлері, олар — бұзақылық, ұрлык, бөтеннің мүлкін бопсалау, тонау, қарақшылық, адамға дене жарақатын келтіру, сонымен қатар зорлау және одан да ауыр қылмыс түрлері кездеседі. Қылмыс ер балалар арасында ғана емес, қыздардың да арасында баршылық.
– Қылмыстың ең көп тарағаны бөтеннің мүлкін ұрлау, тонау болып тұр. Жастардың осындай қылмысты істеуі жағдайы жоқтықтан, мәжбүрліктен туындай ма? Кәмелетке толмаған балалардың қылмыс жолына түсулері көбінесе олардың отбасында дұрыс тәрбие алмауларымен байланысты ма деп ойлаймын. Жасөспірім кезінен әке-шешесінің, ата-апасының дұрыс тәрбиесімен, олардың қадағалауымен өскен бала қылмысқа баруы екі талай. Ата-ананың қарауынсыз, әлеуметтік жағдайы на- шар отбасынан шыққан балалардың арасында заңға қайшы келетін іс-әрекеттер олардың жеке бастарына байланысты болса, өкінішке орай жағдайлары жақсы, толық отбасында өсіп-өнген, қаражат тапшылығы жоқ балалардың қасақана қылмыс жолына түсетіндеріне түңілесің. Адамның көз-жасына қалып, өздерінің келешектеріне балта шабылатын кеш түсінеді. Көбіне іс-әрекеттеріне баға бермей, балалықпен болды деп өкініштерін білдіреді. Бөтеннің мүлкіне қол сұғу қылмыс болып табылады. Бәлкім, ата-ана тарапынан қамқорынсыз қалған балалардың өкілдерінің тарапынан дұрыс қадағалау жүргізіліп, баланың тәрбиесіне керекті көңіл бөлінсе, мұндай оқиғалар болмас па еді.
Кейінде, көбіне жастар өздерінің заңға қайшы келетін іс-әрекеттерін бейнекамераға түсіріп, оны бейнетор арқылы жариялайтынын білетін шығарсыз. Осындай бейнежазулар, әрине, қоғам назарынан тыс қалмайды. Мұндай әрекеттер үшін де заңда көрсетілген жауапкершіліктер барын жастар білуі тиіс. Адамның ар-намысына келетін әрекеттері үшін ертеңгі күні жауаптылыққа тартылып жатқан тұлғалардың жәбірленуші тарапынан езіліп-егіліп, кешірім сұрап, жасаған іс-әрекеттеріне өкініш білдіріп, ата-аналарының, ағайын туыс-бауырларының, достарының алдында абыройы түсіп, жерге қарап, бастарын көтере алмай тұратындарын көбі біле бермейді. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, сау басына сақина тілемей, біреудің обалына, көз жасына қалмай, әр жас өзіде адамзат баласы екенің ұмытпауы керек.
– БАҚ-тың қайсысын ашып қарасаңыз да, соңғы кезде қоғамымыздың дертіне айналған – зорлау мәселесі. Кәмелет жасқа толмаған балалардың ата-аналарынан түскен арыздар көп. Туған-туыстары немесе өгей әкесінің зорлығы көбейіп кетті. Кәмелет жасқа толмағандардың арасында қанша кездеседі? – Қаралған істерге байланысты, өкінішке орай, бұл жастардың арасында кейінгі кезде көп кездесетін қылмыс түрі. 13-18 жас аралықтағы кейбір қыздардың ерікті түрде жыныстық қатынысқа түсетіндері де баршылық. Оны тіпті ата-аналары да білмей қалады. Кейін өкінішке булығады. Ерте кезде «он үште отау иесі» деген шығар, бірақ біздің қоғамымызда бұл дұрыс емес деп есептеймін. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Тағы да назар аударатыным, мұның бәрі ата-ана берген тәрбиеге байланысты. Кейбір ата-аналардың күні бойы отбасының қамы үшін жұмыста болып, балаларына қарайтын уақыты болмайды. Балаларын қадағаламайды, ғаламторға шектеу қоймайды. Қазір ғаламторды үлкендердің өзі ашып көруге ұялады. Ғаламтор арқылы жастар өзара танысып, білісіп, одан жақын қатынаста болып, жүкті болып, соңынан әке-шешесі біліп, кешірсе жақсы, олай болмаған жағдайда баладан бас тартып жататындарына не айтасыз? Кейде кәмелетке толмаған қыздар өздерінің «ерке» қылықтарымен ер балаларды, ересектерді өздеріне байланысты қылмыс жасауға итермелейді. Өзім қараған істердің біреуін мысал ретінде келтірсем, түнгі сағат екі шамасында, кәмелетке толмаған 16 жастағы қыз, ойын-сауық кешенінде болып, көшеде такси ұстап үйіне қайтып бара жатқанында, оның боянған «әдемі» келбетіне, үстіне киген қысқа көйлегіне, ашық-шашық отыруына көзі түсіп, танысының үйіне апарып, оны үш адам бірдей зорлайды. Жасаған қылмыстық іс-әрекеттері үшін әлгі үшеуі де сотталып жазаларын алды. Бірақ олардың осындай ауыр қылмысқа баруларына жас қыздың өзі себепкер болғандай. «Қызға қырық үйден тыйым», «Ерлердің көз сұғуынан сақтау», «Етек-жеңін жауып жүру» деген қазақтың астарлы сөздері текке айтылмаса керек. Жас қыздарымыз «еркелікке» бой алдырмай, «ұят» - деген қасиетті естерінен шығармай, келешекте «ана», «апа» атанатындарын жадыларында ұстағандары, ал ер балаларымыз бұндайда өздерінін туған аналары мен әпке-қарындастары барын ұмытпай ар-намыстарын таптамағандары жөн болар.
– Халық арасында «Бәрібір жоғалған не ұрланған дүниені тауып бермейді» деген біржақты көзқарас қалыптасып қалған. Бұл туралы не айтасыз? – Мемлекетіміздің әр азаматы, егерде оның жеке мүлкіне біреу қол сұғылса бірінші полицияға шағымдануы қажет. Қылмыс жасаған адамдар әшкереленіп, олардың қылмыс жасағандары сотта дәлелденіп жатса олар тиісті жазаларын алады. Сіз айтып отырған құзіретті органдарға деген сенімсіздіктің шығуы, расында да, соның ішінде белгілі бір қызметкерлердің өз мамандығына деген немқұрайдылығынан туындауы мүмкін. Дегенмен, санаулы адам үшін жаппай жүйені кіналауға, олардың жұмыстарын жоққа шығаруға болмайды ғой. Қаншама өз міндетін жоғары деңгейде орындап жүрген қызметкерлер бар. Қандай да бір лауазымды қызметкер өзінің мамандығына жауапкершілікпен қарап, өз біліктілігін арттырып, тек мамандық тұрғысынан ғана емес, адами тұрғыдан да қарап, жұмысын жақсы атқарса, қоғамда мұндай пікірлер туындамасы анық.
– Жастарға қандай ақыл айтар едіңіз? – Менің әрқашан да айтатын қағидам бір, ол өмірдің ең қарапайым және ең маңызды заңы – бар ата-анаңды сыйлау, үлкенді құрметтеу, кішіні ренжітпеу. Өз ата-анасын жақсы көріп, сүйіп, құрметтеп отырған, туысын мен достарын шынайы сыйлап жүрген бала қайсібір адамзаттың ала жібін аттайды, көз жасына қалады, қылмыс жасайды.
– Сіз үшін бақыт дегеніміз не? – Бақыт менің түсігінімше, адам баласының өз еңбегінің жемісін көруі. Содан рухани ләззат алу, сонымен бірге не ерте, не кеш емес уақытымен келген дүниені бақыт деп санаймын.
– Әр мамандықтың өзіне тән қасиеті болады ғой, судьяларға ортақ қасиет қандай? – Сот саласында судья болып отырғаныма биыл 15 жыл болады екен. Ақ пен қараны ажырату – біздің мамандығымыздың негізгі қасиеті. Әр істі жүрегіңмен зерделеп, дұрыс заңды шешім қабылдау басты парызымыз.
– Осы жасқа келгенше неге көзіңіз жетті? – Адам баласының қай жаста да білгенінен білмегені көп болады деп ойлаймын. Сол үшін үнемі ізденісте болу керек. Тәжірибемізді арттыру үшін әлі де талай тер төгуге тура келеді. Жылдан-жылға адам санасы да толығады. Көзім жеткен бір нәрсе, сынға дұрыс көзбен қарап, онымен санаса білген жөн. Сынды көтере білген адам өзіне дұрыс баға бере алады. Сондай-ақ, қандай да бір жамандықты тек адалдық, кешірімділік, рақымшылықпен жеңуге болатыны да дәлелдеуге қажет етпейтін шындық.
– Пір тұтатын адамыңыз бар ма? – Жанұялымын, ата-анам, жан жарым және балаларым бар. Ата-анамның тәрбиесі мен үшін өмірлік азық. Ол кісілерді әрқашан да пір тұтамын. Және өз перзенттеріме де сол қасиетті кісілер салған сара жолды көрсетіп отырамын. Қандай да бір қиыншылықта әке-шешемнің ақыл-кеңесін басшылыққа аламын. Батаменен өскен баламыз, үлкендердің сөзі әрқашан да жадымызда.
– Қандай музыка тыңдайсыз? – Халқымыздың дәстүрлі әндері мен Шәмші атамыздың әндерін тыңдаудан еш жалықпаймын.
– Сот төрелігін жүргізгенде неге аса мән бересіз? – Сотқа жүгінген тараптардың шешімге бірдей ырза болуына, бітімге келуіне бар күш-жігерімді жұмсаймын. Алдымда отырған адамдардың жағдайларын түсіну үшін олардың орындарына өзімді қойып, олардың іштеріне кіріп шыққандай боламын. Тараптардың сот залынан бір-біріне наразы болып шықпауларына аса мән беремін. Тәжірибемде бітімгершілікке келіп, олар бір-бірімен түсінісіп, қол алысып, кайта некелескен жағдайлар болды.
Сұхбаттасқан
Айгүл Дәден