«ДЕНЕ ШЫНЫҚПАЙ, МИ ДАМЫМАЙДЫ» мақаласынан үзінді

«ЗАҢ газеті»

No40 (2048), 16 наурыз, 2012 жыл.

– Кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты істерді қарайтын сотқа, сіздердің алдарыңызға осындай мәселеге (педофилияға) қатысты істер көптеп баратын болар…
Біржан КӘРІБЖАНОВ:
Ата Заңымыздағы, Қылмыстық кодекстегі арнайы баптар арқылы кәмелетке толмағандарға байланысты жасалған іс-әрекеттер, оның ішінде зорлауға қатысты жауапкершіліктер көрсетілген. Оның үстіне, кейінгі жылдары кәмелетке толмағандарға байланысты жасалған қылмыс болса, олардың жаза түрлері қатаңдатылған. Мұның ішінде нәпсіқұмарлық, зорлау болсын, оларға қолданылатын жаза көрсеткіші – 20 жылға дейінгі уақытқа бас бостандығынан айыру. Өздеріңіз хабардар шығарсыздар, кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі соттар биылдан бастап барлық облыс орталықтарында, оның ішінде ірі қалаларда, Семей мен Қаскелеңде құрылды. Ал, алғашында Астана мен Алматыда құрылған бұл соттың жұмыс істеп келе жатқанына бес жылдай уақыт болды. Тәжірибемізде кәмелетке толмағандарға байланысты зорлық, нәпсіқұмарлық жасаған қылмыс түрлері қаралды. Белгібай ағамыздың әлгінде айтқан сөзінің жаны бар, яғни, қылмыскер өз биографиясында бала кезінде зорлыққа ұрынса, онда ол кейін соны қайталайтыны рас екен. Біз істі қарағанда, беталды «сен осындай қылмыс түрін жасадың» деп қарап қана қоймай, оны зерделейміз. Негізі, қылмыстық істі қозғағаннан бастап, алдын ала тергеу барысында сот-психиатриялық, сот- медициналық сараптамасы арқылы қылмыскердің осы қылмысқа итермелеген себептеріне көз жеткізіледі. Бұл міндетті түрде анықталатын жағдай. Махаббатты жақсы түсініп тұрсақ та, адам тәніне қол сұғу деген біздің ділімізде, мұсылмандарда болмаған. Ал, оны жазалау мәселесіне келгенде, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот мұндай тұлғаларға қатысты ауыр істерді кезінде қарағанымен, кейін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құрылғаннан соң, мұндай ауыр істерді аталған соттың қарауына жіберді. Бірақ, біздің соттың судьяларының ұсынысы бойынша, Азаматтық істерді жүргізу, Қылмыстық істерді жүргізу кодекстеріне енгізілетін біраз өзгерістерге байланысты тәжірибемізге, жасаған жұмысымызға қарап, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты әлгіндей ауыр істер біздің сотта қаралса деген ұсыныс жасағанбыз. Өйткені, жәбірленуші кәмелеттік жасқа толмаған бала болса, оның болашақтағы өміріне жүрдім-бардым қарамай, оның ертеңгі күні сауығып, мынау ортаға, қоғамға деген көзқарасының дұрысталуына көңіл бөлуіміз қажет. Қылмыскер кезінде балаға опасыздық жасаған болса, бала сол қылмыскердің іс- әрекетін болашақта өзі қайталауы мүмкін. Біз қылмыскерді жай ғана жазалап, «болды, құтылдық» демей, мәселеге осы тұрғыдан қарап, шешім шығаруымыз керек.
«Өзекті мәселе болып отыр» деп, мұны өзіміз айқындап, қоғамдық ортаға шығарып отырмыз. Өйткені, педофилияның бұған дейінгі уақытта да болғанын жоғарыда айтып кеттіңіздер. Сол сияқты суицид те өмір бойы бірге келе жатқан дүние, жұртшылыққа кең түрде жария болғаннан кейін барып өзектілігін танытты. Енді «бұл мәселені қалай шешу керек?» деген тұрғыда ой өрбітер болсақ, психиатрлар қылмыскерге қатысты нақты іс қозғалған кезде, яғни, «мынаны анықтап беріңізші» деген кезде ғана оларға бұл жайт белгілі болады. Меніңше, бұл туралы үнемі қоғамда мәселе көтеріп отыру қажет. Тағы бір айтарым, отбасы институтын дамытқанымыз жөн. Тәрбие жұмысын жүргізуіміз керек. Әлде арнайы бір орталық ашу керек пе екен? Толық отбасыларда мұндай жағдай мыңнан біреу болуы мүмкін. Көп жағдайда бұл әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларда орын алып жатады. Сол жағынан да жан-жақты тәрбие жұмысын жасауымыз керек. Ал, енді педофилдерді жазалауға келгенде, Ресейде тәжірибеге енгізілген химиялык кастрацияға судья, заңгер ретіндегі пікірім адам тағдырын шешу оңай емес. Әр қылмыстық істің артында адам тағдыры тұрады. Олардың жауапкершілігін неге «10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзім» деп көрсетеді? Заң шығарушы орган неге «20 жыл» деп нақты көрсетпейді? Өйткені, онда қылмыскердің жеке басы анықталады. Оны қылмысқа итермелеген жағдайға байланысты, түбінде ол қылмыскер болып табылса, сонда ғана қатаң жаза түрі қолданылады. Өздеріңіз ойланып қараныздаршы, химиялық кастрация деген ол адамның бір дене мүшесін шектеу ғой? Қытайлар қылмыс жасаған адамның саусағын кеседі. Адами тұрғыдан қарағанда, бұл да адамның тәніне қол салумен бірдей. Ол онсыз да 20 жылға бас бостандығынан айырылады ғой? Бұл сол қылмысына белгіленген жаза түрі. Әр адам өзінің жасаған қылмысына, әрекетіне жауап береді. Ол жазасын алады. Бірақ, оның бір мүшесін шектеп, оны адам санатынан шығармау керек қой? Бұдан шығатын жол, оны тәрбиелеу керек деп есептеймін. Тәрбиелей алмасақ, емдеуіміз қажет.

Дөңгелек үстелді жүргізген

Айман Сейілбекқызы

МАҚАЛАЛАР МЕН СҰХБАТТАР
Бұл бөлімде Біржан Кәрібжановтың әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақала, сұхбат, сараптамаларымен танысуға болады.
Made on
Tilda