«ҚЫЛМЫСТЫҢ ТҰСАУЫ – ТӘРБИЕ!»

«ЖАСТАР ҮНІ» журналы

No11 (66), қараша, 2013 жыл.

Әділ үкім - адамгершіліктің тамыры, ал әділ үкім шығару үшін судья сан мың күдіктің теңізінен жалғыз шындықтың маржанын таба білетін көреген болар. «Жастар үні» жастарды жақсылыққа шақыратын ел аталарының ой елегінен өткен казынадай кеңестерін жариялау үрдісін жалғастырады. Бүгінгі санымызда Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Біржан Отантайұлы қылмыс әлемінің «қақпаны» мен «құлпы» туралы тақырыпты таратпақ. Бассыздықты айбынмен тұсаулап, ашуды ақылға жеңдіріп, дөрекілікті естілікпен басып, кателікке кешірім кажетін баса айткан судьяның жастарға айтарын ұсынамыз.

Жастар арасында ең көп тараған қылмыс түрі.

Тәжірибеме көз жүгіртетін болсақ, 15-17 жас аралығындағы жеткіншектердің ең жиі жасайтын қылмысы - адамды тонау, бөтеннің мүлкіне қол салу, қарақшылық, бұзақылық, бопсалау. Көп жағдайда балалар ұялы телефонды күшпен тартып алу арқылы ағаттық жіберіп жатады. Сонда «не жетіспейді?» деген сұрақты алға тартсаң, жастар өз арасында «үлкендігін» білдіргісі келіп, ойланбай, тіпті өзінің қылмыс жасағанына мән бермеген жағдайға тап боласың. Қорғаушылар, заңды өкілдер, кейде психологтардың көмегімен қылмыстық істі жан-жақты зерделеген кезде, қылмыс жасаған жеткіншектің әлеуметтік жағдайы шешілген, ата-анасы, туыс-бауыры бар, қаражат тапшылығы жоқ, қасақана қылмыс жасағанын көріп, кейде түңілетін кездер болады.

Ювеналды сот

Ювеналды сот өкілдері мектеп, университеттер, колледждерге барып, жасөспірімдерге қылмысқа не жататынын айтамыз, жауапкершілігі қайсы, оның өмірге қандай әсері болуы мүмкін, соны түсіндіреміз. Тек соны кейбір жастар түсінбейді. Өкініштісі де осы…
Осы күнгі қылмыстық кодекске біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Республика бойынша ювеналды соттар құрылды. Оның құрылу себебі жастарға заңнаманы қолдану тәсілі ересектерге қарағанда өзгеше болу керек. Бұрындары заң талабына сай ауыр қылмыс жасалып жатса, кәмелетке толмаған жасты абақтыға жауып, сотта ісі қаралып, түпкілікті шешім қабылданбайынша ол қамауда отыратын. Осы күнде жастарға заңда көрсетілген жеңілдіктер бар, гуманизация дейді. Егер де аса ауыр қылмыс жасамаған болса, тіпті ауыр қылмыс жасағанның өзінде, тұрғылықты нақты мекен-жайы бар болса, оны әке-шешесінің немесе заң өкілінің қарауына беріп, сот процесіне өзі келіп, қатысады. Әрине, ауыр, арнайы, әдейілеп, қасақана қылмыс жасаған болса, ондай азаматтарды босату екіталай. Ал егер жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақатын түсірмеген болса немесе кісі өлімімен байланысты болмаса, ауыр қылмыс жасалғанда егер ол жәбірленушімен татуласып, бітімгершілікке келген болса, онда қылмыстық жауапкершіліктен босатылу мүмкіндігі бар. Бізде жазалау тәжірибесі соңғы кезекте тұр. Бүгінде егер қылмыс жасаған жасөспірім бұрын сотты болмаса, оның жеке басын анықтап, тексеріп, кіммен жолдас, кіммен қарым-қатынаста болғанын, барлығының бағасын берген соң, қылмыстық істі қысқартып, жастар қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.

Біздің міндетіміз

Заңда ізгілендіру көрсетілген. Жасөспірімдерді жазалағанша, одан да оларды оқшауландырмай, кайта тәрбиелеп, қайта қоғамға қосу - біздің қазіргі міндетіміз, мемлекеттің осы күнгі саясаты. Бізде ювеналды сот, ювеналды қорғаушылар, психологтар бар. Меніңше, енді бізге ювеналды жүйеге, жасөспірімдерге байланысты заң керек. Бұл менің жеке пікірім. Сонда барлығы рет-ретімен көрсетілсе. Екі аяқты адам түгілі, төрт аяқты мал да шалынады.
Кейбіреулер қылмысты қасақана жасап жатса, кейбіреулер білмегеннен жасайды. Ондай жастарды жазалап, бас бостандығынан айыра беретін болсак, біздің келешегіміз кімнің колына өтпек? Буыны қатпаған жеткіншек түрмеге түссе, ол жерден өзіне қандай тәрбие алады? Ертеңгі күнгі қоғам иелері солар емес пе? Ары карай елімізді көркейтіп, халқымызды көбейтетін де солар ғой. Кісі өлтіріп, адам денсаулығына ауыр дәрежедегі дене жарақасын қасақана келтірген азаматтарды, әрине, босату екіталай. Сол үшін зерделеп, нақтылап, көзіміз жеткенше тексереміз.

Бала қайта қылмыс жасап, түрме табалдырығын қайта

баспау үшін не істеу керек?

Бұл ең маңызды сұрақтардың бірі. Қазіргі ойымыздың түйіні де осы. Сот тек үкім шығарып, соттап, жазасын беру ғана емес, біз жазасын алған адам соңынан оқшауланбай, жастардын қайта қалпына келуіне игі шаралар жасауымыз керек. Бірінші - психологтармен жұмыс. Нақты сотталған тұлғаға психологтың көмегі керек. Міндетті түрде! Бас еркінен айрылып, тіпті шартты түрде босатылғанның өзінде, толмаған баламен әке-шешесін біріктіре отырып жұмыс жасау керек. Яғни ол жасаған iс-әрекеті заңға қайшы екенін өз еркімен түсіну тиіс. Оған айта бергеннен ешқандай пайда жок. Акыл айтсаң, кейбір жастардың бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып жатады. Оны «сен былай жүр, былай тұр» деп міндеттемей, көзін аша білсек деймін. Бұл ең алдымен психологтың көмегімен жасалады. Баланың әлеуметтік жағдайы төмен болса, әлеуметтік органдармен бірлесіп жұмыстар атқарылса, баланың бір кателікті қайта қайталауына жол берілмес еді.
Қылмысқа ұрынатындар - қолы бос жүрген азаматтар. Қай қылмыстың тамырын тексерсең де, «тірлігі жоқтықтан» туып жатқанын көресің. Адамның екі қолында бір жұмысы болса, бір мезгіл спортпен шұғылданса, өзіңің күш-қуатын жұмсайтын еңбекпен шұғылданса, қылмыстан ауылы алшақ болады.

Баланы қылмыстан алшақ болу үшін қалай тәрбиелеу керек?

Не болса да, барлығы отбасынан басталады. Болар ic болған соң, алдыма жылап келген ата-аналар «қолым тимеді, жұмыстан шаршап келіп, қарауға уақытым болмады» дегенді айтады. Оның барлығы түсінікті. Бірақ бала үшін жауапкершілік ата-ананың мойнында. Таңертең баланы мектепке жеткізіп, өз жұмысыңмен кетіп, балаға көңіл бөлмесең, соңы өкінішті жағдайларға соқтырады. Әрбір ата-ана баланын бос уақытын қалай өткізгенін білуге міндетті. Қайда болды, не істеді, кіммен жүрді, кіммен сөйлесті, міне, әке-шеше күнделікті осы сұрақтардың жауабын білсін. Егер балада бірер сағат бос уақыт болса, оны пайдалы іске жұмсап отыру қажет. Түнгі оннан кейін, тіпті түнгі бірдің өзінде компьютерлік клубтарда жүретін балалар бар. Егер бала өзімен өзі жүретін болса, егер ата-анасы соған рұқсат беріп қойған болса, онда қайдағы тәрбие? Ондай жас ертеңгі күні әке-шешесіне қарсы шығады. Ал ата-анасын сыйламайтын баладан жақсы адам шықпасы анық. Сондықтан бала қылмыстық жолға түспеу үшін, әу бастан талап қойып, тәрбиеге көндіріп үйрету қажет. Одан бөлек, көшеге шыққан баланың жәбірленуші болып қалмауына да жіті назар аудару керек.


​​Ғаламтор мен қылмыс

Қазір ғаламторды үлкендердің өзі ашып көруге ұялады. Ал жастарда шектеу жоқ. Ғаламтордағы ойындардың жастар арасындағы қылмысқа тікелей әсері бар. Ол психоло- гиясын адам өлтіруге жайлап-жайлап жас буын, жаңа-жаңа сана-сезімі жетіліп келе жатқан жас бала компьютерде күнделікті адамды қырып өлтіріп жатса, ол ойынның қызығына беріліп, шынайы мен жасандыны ажырата алмай қалмай ма? Қазіргі ойындардың графикасы қандай болып кеткен!? Шынайы адам бейнесі, қару, қан, бәрі ойындар жеткіншектің бейімдейді. Өзіңіз ойлаңыз, сонда. Ойын ішінде адам өлтірген баланың миында қалатын әсерді қайтесіз? Тіпті, осындай ойындарды ата-ана өздері балаларына әкеліп беріп жататын кездер де бар. Осы тақырыпты әрбір азамат тереңдеп өзі ойланса екен.

Жастарға айтарым

Өмірдің ең қарапайым және ең маңызды заңы - бар ата-ананы сыйлау, үлкенді құрметтеп, кішіні ренжітпеу. Өз ата-анасын жақсы көріп, сүйіп, құрметтеп отырған бала қайсыбір қылмыс жасауы екіталай, оның бір азаматты нақақтан ренжітуі мүмкін eмec.

Сот болу қандай?

Біз қылмыстық істерден бөлек азаматтық істерді қараймыз. Ата-ана құқынан айыру, баланың тұрғылықты мекен-жайын өзгерту, баланы асырап алу туралы істерде кейде іші-бауырың езіледі. Әсіресе, өзі тастанды баланы асырап алып, бірнеше жылдан соң сол баладан бас тартып, өкімет үйіне қайта өткізген кезде шешім қабылдағандағы сезімді айтып жеткізу мүмкін емес.
Сот саласында судья болып отырғаныма 13 жыл болды. Жанұялымын, ата-анам, жан жарым және балаларым бар. Ата-анамның тәрбиесі мен үшін өмірлік азық, ол кісілерді әрқашан пір тұтамын. Және өз перзенттеріме де сол қасиетті кісілер салған сара жолды көрсетіп отырамын.
Жұмыста үлкен даулардың куәсі боласын. Әкесі мен шешесі баланы бөлісе алмай, не болмаса ата-ана құқынан айыруға кешегі ерлі-зайыптылар біріне бірі талап-арыздар беріп жатқан кезде, ағын ақ деп, қарасын қара деп бағасын беріп, шешім шығарғанда, қандай іс болсын, әр істің артында ең алдымен бала тағдырын шешесің. Ондайда құрғақ заңға сүйеніп қана қоймай, алдымдағы адамдардың орнына өзімді қойып, отырған азаматтардың ішіне өзім кіріп шыққандай боламын. Сотқа жүгінген тараптардың шешімге бірдей ырза болуына, бітімге келуіне бар күш-жігерімді жұмсаймын. Олардың сот залынан біріне-бірі наразы болып шықпауына аса мән беремін. Кейде бірін-бірі түсінісіп, қайта некелескен істер де болады. Түсінгенім, ауыр жұмысымнан алған ең рахат сезім сол сәтте туады екен.

Дайындаған

Дина Әл-Мұхаммед

МАҚАЛАЛАР МЕН СҰХБАТТАР
Бұл бөлімде Біржан Кәрібжановтың әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақала, сұхбат, сараптамаларымен танысуға болады.
Made on
Tilda